16
март
2022
Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасына баға берді. Оның пікірінше, осы ауқымды әрі жан-жақты жоспарланған операцияның мақсаты жоғары басшылықты биліктен тайдырып, халық пен әлемдік қоғамдастық алдындағы оның беделін түсіру болды.
Саяси реформаларды жүзеге асыру аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің өкілеттігін қайта қараудың маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуын тоқтату міндетін заңнамалық тұрғыдан ресімдеуді, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынды.
Мемлекет басшысы құқық қорғау институттарын күшейтуге, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға баса мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі Заңның ережелерін мүлтіксіз орындауды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот құруды тапсырды. Сондай-ақ табысты қызмет атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық Құрылтай құруды ұсынды.
Президент Жолдауда әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мән бере отырып, дағдарысқа қарсы жедел жүзеге асырылатын шараларға арнайы тоқталды. Соның ішінде ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттің үлесі бар компаниялардың валюталық табысының экспорттық сатылымын ұлғайтуға, мемлекеттік аппараттың қызметіндегі бюрократияны жоюға да баса мән берілді.





